14
April
2022
БОЛАР БАЛА БОЛМЫСЫНАН...
Праймеризге қатысқанымда да, мәслихат депутаттығына кандидат ретінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенімде де өнерге, әдебиетке құштар талапты жастарға қолдау көрсетіп, олармен тығыз шығармашылық байланыс орнататынымды жариялаған болатынмын. Өйткені өнерлі өрендерді қолдауға мемлекет те, партия да мүдделі. Бүгінде AMANAT партиясы елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын дарынды, талапты, талантты жастар мен бүлдіршіндерді қолдау жұмыстарын нәтижелі жүргізуде.
Кеше жұмыс орныма Бақдәулет Бақытжанұлы есімді балақай келді. Өзі алты жаста екен. Алты жас деген құжаттағы жасы... Ал өзі ересектердей сөз саптайды. Тілі тәтті. Арманы асқақ. Балақай үш жасынан бастап ұзақ тақпақтарды мүдірмей жаттап, мәнерлеп оқып жүр екен. Соның негізінде бәсі биік шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленген. Елордада, Алматыда өткен байқауларда топ жарған Бақдәулет қазір даярлық сыныбында оқып жүр. Балабақшада тәрбиешісі болған Гүлсім Құлымбетова мен мектептегі ұстазы Әйгерім Жақсылықтың айтуынша, баланың есте сақтау қабілеті, яғни өлеңдерді тез жаттап алуға бейімділігі жоғары екен.
– Мен әжемнің баласымын, – деді Бақдәулет өзі туралы сұрағанымда. Бәрекелді дестік. Талапты балаға барлық ұлы тұлғалар әжесінің баласы болғанын, әжесінің ертегісін тыңдап, тәлімін санаға тоқып өскенін айтып, шабытына дем бердік. Ниеті ақ, пейілі пәк бала біздің жылы сөзімізге қуанып, жетістіктерін мақтанышпен айтып, болашақта өнер қайраткері болғысы келетінін айтты. Біз тілектестігімізді білдірдік.
Жылы жүздесуде бала Бақдәулет бізге ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқып берді. Оқу дағдысы, дауыс ырғағы, кейіпкердің толқынысын эмоциямен жеткізуі көңілімізден шықты. Талабы таудай баланың талантын ұштап жүрген әжесіне, ата-анасына, ұстаздарына зор ілтипатпен алғыс білдірдім. AMANAT партиясы жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты ретінде бала Бақдәулеттің жетістіктері жөнінде аудандық басылымда мақала жариялап, шабытына дем беруге, талантты бүлдіршінмен алдағы уақытта тығыз шығармашылық байланыс орнатуға уәде берді.

